Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Автомобиль» іс-шарасы: Жамбыл облысында 2,5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Жамбыл облысында «Автомобиль» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының аумағында «Автомобиль» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында мереке және демалыс күндері жергілікті тексеру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігі профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан бұзудың жолын кесу, көлік құралдарының жолдағы қозғалыс тәртібін арттыру және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау. Іс-шараға 500-ден астам полиция қызметкері және 155 қызметтік көлік құралы жұмылдырылды.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылауды күшейтті. Облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері де республикалық маңызы бар автожолдарда рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді. Жол ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтауға дрон аппаратының көмегі тиді. Өңірдегі аумақтарда жүргізілген жұмыс нәтижесінде үш тәулік ішінде 2540 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Мәселен, 77 жүргізуші көлік басқаруда белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырған. Бұл ретте 589 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал 38 жүргізуші тиісті құжаттарсыз көлік құралын басқарған. Сонымен қатар жолды белгіленбеген орыннан кесіп өткен 239 жаяу жүргінші анықталды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің жолын кесті, оның ішінде мас күйінде көлік құралын басқарудың 14 дерегі анықталды.

– Бұл іс-шара жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолдағы қозғалыс тәртібін сақтамайтындығын тағы да көрсетті, ал оның салдары жол-көлік оқиғалары туындауының негізгі факторы саналады. Үздіксіз жүргізіліп жатқан ауқымды алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, азаматтар белгіленген ереже талаптарын бұзуды жалғастыруда. Азаматтарымыз жолдағы жауапкершіліктің маңыздылығын және жол ережелерін сақтау қажеттілігін барынша түсінуі керек. Осы немесе басқа да құқық бұзушылық қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін ешқашан болжауға болмайды. Ойланбай жасалған әрекеттің салдары өте ауыр болуы мүмкін, – деді Жамбыл облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Манас Әбдікәрімов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру