ШҚО-да Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы жұмысын бастады
Шығыс өңірінде Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы жұмысын бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 шілде күні Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің «Ұлттық ұлан – ұлт рухы» концерті өтті.
Концертті Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, әскери бөлім офицерлері және сержанттар мен сарбаздар тамашалады.
– Біздің мақсатымыз – әскери қызметшілер мен жастарды қазақстандық патриотизм мен конституциялық борышқа адалдық рухында тәрбиелеу, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның имиджін нығайту, азаматтардың әскери қызметшілерге, олар орындайтын қызметтік-жауынгерлік міндеттерге деген оң көзқарасын қалыптастыру, – деді әскердің бас тәрбиешісі Қайрат Үмбетов.
11 шілдеде Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы Глубоковский ауданы Солнечное кентіндегі қарттар үйіне бас сұқты.
Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы әкелген сыйлығын тарту етті.
– 120 қартты бағып-қағып отырған біздің мекемемізге Халық қаһарманының келуі үлкен мәртебе. Келген қадамдарыңыз құтты болсын! Ән-би ансамблінің қыз-жігіттеріне де айтар алғысымыз айрықша. Өнерлеріңіз үстем болсын! – деді қарттар үйінің директоры Ерболат Ошақбаев.
Сондай-ақ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен кездесу өткізді.