Ақмола облысының полицейлері туысын алдап соққан азаматты анықтады
Ақмола облысының полицейлері өткен жылы болған алаяқтық қылмысының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақсы ауданының полиция бөлімшесіне Қима ауылының 32 жастағы тұрғыны жүгінді. Ол өткен жылы алаяқтардың құрбаны болғанын айтты. Жәбірленушінің айтуынша, өткен жылдың 6 желтоқсанында белгісіз тұлғалар оған тауарлық несие рәсімдеп, 900 мың теңге сомасында ақша қаражатын алаяқтық жолмен иемденген.
Осы фактіге қатысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жәбірленушінің 30 жастағы туысын анықтай алды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Осыған байланысты полицейлер жеке деректерді сақтауды, құпия сөздерді, пин-кодтарды, банк картасының артқы жағындағы CV-кодтарды, SMS-хабарламаларда келетін біржолғы кіру кодтарын ешкімге айтпауды сұрайды.