1500-ден астам шымкенттік абаттандыру тәртібін бұзғаны үшін жазаланды
1500-ден астам шымкенттік абаттандыру тәртібін бұзғаны үшін жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айналадағы тазалықты сақтау санитарлық талап қана емес, мәдениеттіліктің белгісі. Өкінішке орай, мегаполисте түрлі кәсіпкерлік нысандарының аумағында және көпқабатты үйлердің ауласында коммуналдық қалдықтарды тастап, құрылыс материалдарын рұқсат етілмеген орындарға қою оқиғалары жиі кездеседі.
Мұның барлығы абаттандыруды бұзу болып саналады,бұл азаматтардың өмір сүру жағдайының жайлылығына және қаланың келбетіне теріс әсер етеді.
Мұндай жайттар анықталған жағдайда құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша шара қолданылады. Осылайша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аталған бап бойынша 1611 тұлға жауапкершілікке тартылған.
Заңнамаға сәйкес, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желектерді жою және бүлдіру ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.