СҚО полицейлері екі күнде 10 мас жүргізушіні анықтады
СҚО полицейлері екі күнде 10 мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандықтар жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтті. 5 қыркүйектен бастап облыста «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның басты міндеті – жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау. Әсіресе көлікті мас күйде басқару фактілерін анықтауға ерекше көңіл бөлдінеді.
Тәжірибе көрсеткендей, көптеген жүргізуші спирттік ішімдік ішкен соң көлік тізгініне отыруды әдетке айналдырады. Іс-шараның екі күнінде облыс жолдарында 10 мас жүргізуші анықталды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тәртіп сақшылары мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Урал мотоциклін тоқтатты. Тексеру барысында оны басқарған 48 жастағы жергілікті тұрғынның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Әрі ол мас күйде болған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігі бойынша ол 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Бұдан бөлек, ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
– Көлік тізгінінде мас күйде отырған адам жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жыл басынан облыс жолдарында мас жүргізушілердің кінәсінен 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза тапты, 23 адам жарақаттар алды. Осындай фактілерді анықтау жұмыстарын полиция қызметкерлері ұдайы жүргізіп тұрады. Іс-шара шеңберінде барлығы 733 құқық бұзушылық анықталды, оның 65 фактісі жылдамдықты асыру бойынша. 14 жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелдерінде адамдарға жол бермеді. Жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Өйткені бұл жол қауіпсіздігінің сенімді кепілі, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.