Шымкентте деструктивті діни ағым өкілінен заңсыз қару тәркіленді
Шымкентте деструктивті діни ағым өкілінен заңсыз қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері түрмедегі жазасын өтеуші ер адам бостандықта жүргенде заңсыз атыс қаруын жасырғаны туралы шұғыл ақпарат алды.
Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті.
Нәтижесінде теміржол вокзалы маңындағы гараждардың жанында қазылған шұңқыр табылды. Ол жерден қапқа салынған, калибрлі қос ауызды кесілген тегіс ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеді.
Ер адам, бұған дейін адам өлтіргені үшін бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.