Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысының полициясы мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы арасында меморандум жасалды

Жетісу облысының полициясы мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы арасында меморандум жасалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер “Атамекен” кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өңірдегі кәсіпкерлермен кездесті. Диалог барысында алкогольді өнімдерді сатуға бақылауды күшейтуге қатысты тақырып көтерілді.

– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, облыста азаматтардың көлік жүргізу кезінде алкогольдік ішімдікті ішу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Биыл еліміздің автожолдарында мас жүргізушінің кесірінен 34 адам қаза тауып, 234 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ талдау көрсеткендей, кісі өлтіру мен денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілерінің жартысынан көбі мас күйінде жасалады, – деді Жетісу облысы ПД ЖПҚБ бастығы Қайсар Мұхметов.

Муниципалдық полицияның басшысы облыста жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында патрульдік бөлімшелердің саны ұлғайтылғанын, мас жүргізушілерді анықтау және ұстау бойынша күн сайын рейдтер жүргізіліп жатқанын, алкогольді ішумен байланысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтілгенін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар алкогольдің, темекі, сондай-ақ вейп деп аталатын электрондық темекі өнімдерінің өскелең ұрпаққа тигізетін зияндылығын талқылады. Полицейлер кәмелетке толмағандарға темекі мен алкогольді сатпауды және бақылауды күшейтуді талап етті.

 – Заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған бірлескен рейдтер ұйымдастыру туралы ұсынысты қатысушылар мақұлдады. Нәтижесінде заңдылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қорғау саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деп өз сөзін түйіндеді Қ. Мұхметов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру