Жетісу облысында жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзған жүргізушілердің көлігі айыптұраққа қойылды
Жетісу облысында жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзған жүргізушілердің көлігі айыптұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы бірнеше күн ішінде полиция 10 автокөлікті арнайы тұраққа қойды, олардың жүргізушілері жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін өрескел бұзғаны үшін ұсталды.
Патрульдік полиция қызметкерлері облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларын азайту, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау кезінде жүргізушілер арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау.
– Бірнеше күн ішінде жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін бұзудың 24 фактісі анықталды. Құқық бұзушылар арасында жеңіл көліктің де, жолаушылар тасымалдайтын көліктің де жүргізушілері бар.10 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, – деді Жетісу облысы ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы Жанатбек Ахметов.
Патрульдік полиция қызметкерлері іс-шара аясында ҚР жол қозғалысы ережелерін сақтау тақырыбына және өңірдегі апаттың жай-күйі туралы мәліметтер көрсетілген брошюралар тарата отырып, түрлі мәселелер бойынша автокөлік жүргізушілеріне кеңес беріп жатқанын толықтырып айтты.