Павлодар облысында 100-ге жуық қараусыз жайылып жүрген малдың иелері жауапқа тартылды
Павлодар облысында 100-ге жуық қараусыз жайылып жүрген малдың иелері жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасының элементтерінің бірі – клиентке бағдарланған тәсіл. Бүгінгі таңда тұрғындарды бақылаусыз жайылып жүрген мал алаңдатады, бұл жол-көлік оқиғасын тудыруы мүмкін.
– Мысалы, ауылды аралау кезінде учаскелік полиция инспекторы Ертіс ауданы Қоскөл ауылында иесіз жүрген сиырларды көрді. 41 бас ірі қара мал иесі анықталды, ол 63 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты.
Малдың иесіне қатысты ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды бұзғаны үшін әкімшілік материал толтырылды, ол ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Ертіс ауылында Қажымұқан көшесінде иесіз сиыр жайылып жүрді. Бұл тәртіпсіздік туралы полицияға бей-жай қарамайтын ауыл тұрғындары хабарлап, полиция қызметкерлері мал иесін де жауапқа тартты.
Мал басының әрбір иесімен мұндай жағдайлардың алдын алу туралы түсіндірме әңгіме жүргізілді. Тек осы жылы ғана Ертіс ауданында көшеде жайылып жүрген малдың 96 фактісі анықталды, иелеріне жалпы сомасы 539 мың теңгеге айыппұл салынды.