Павлодар облысының полицейлері абаттандыру ережесін бұзған 422 заң бұзушылықтың жолын кесті
Павлодар облысының полицейлері абаттандыру ережесін бұзған 422 заң бұзушылықтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9-16 қазан аралығында Павлодар өңірінің барлық аумағында жүргізілген «Қоқыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде Павлодар полицейлері 422 заң бұзушылықтың жолын кесті. Заң бұзушылар қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ жалпы пайдаланымдағы орындарды ластағаны үшін жазаланды.
Құқықтық тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері фактілерінің жолын кесуге, қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын осы үшін бөлінген орындардан тыс жерде сақтау фактілеріне, сондай-ақ сұйық қалдықтарды полигондардан тыс төгу фактілеріне жол бермеуге, оларды жою жөнінде шаралар қабылдауға бағытталған рейдтер жүргізді.
– Рейдтерге жұртшылық өкілдері де қатысты. Тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тасымалдаушыларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілді. Полицейлер 14 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтап, барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Абаттандырудың бұзылуы туралы аймақ тұрғындары да хабарлады. Мысалы, әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде Қызылшілік ауылының тұрғыны инстаграмдағы @tipavlo.dar парақшасында жариялаған бейне бойынша полицейлер тексеру жүргізді.
Баянауыл ауданының полиция бөлімі Баянауыл ауылы мен Торайғыр ауылының әкімдеріне ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын бұзу бөлігінде заңдылықты бұзудың себептері мен шарттарын жою туралы ұсыныс жолдады.
16 қазанда Екібастұз қаласының М. Жүсіп көшесіндегі үйдің алаңында абаттандыруды бұзу фактісі анықталды, дәлірек айтсақ, біреу заттар мен құрылыс қоқыстарын тастаған. Учаскелік полицей заң бұзушыны анықтады, ол осы үйдің 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ осы заң бұзушылықты жою бойынша шаралар қабылданды.