Ақтөбе облысында заңсыз қоян атқан азамат ұсталды
Ақтөбе облысында заңсыз қоян атқан азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ембі қалалық полиция бөлімшесінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 21 қазанда түнгі мезгілде Ембі – Алтынды трассасында Қостанай облысы тұрғынының басқаруындағы UAZ-3909 автокөлігін тоқтатты.
Автокөлікте 3 жолаушы болды. Көлік салонын қарау барысында атып алынған 4 қоян, 12, 20-калибрлі екі тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, 38 патрон, 2 резеңке қайық пен 10 метрлік тор табылып, тәркіленді.
Тәркіленген қарулардың автокөлікте болған Ембі қаласының 43 жастағы тұрғынына тиесілі екендігі анықталды. Оның қос қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаты болғанымен, аңшылыққа тиісті рұқсаты болмағаны белгілі болды.
Заңсыз аңшылық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады. Автокөлік полиция бөлімшесінің аумағына тұраққа қойылды. Тергеу жүргізіліп жатыр.