Қостанай облысы ПД мектеп оқушыларына ерлік сабағын өткізді
Қостанай облысы ПД мектеп оқушыларына ерлік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД мұражайында ерлік сабағы өтті. Бұл жолы іс-шара Қостанай қаласының №8 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары үшін ұйымдастырылды.
Патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Олжас Амришев оқушыларға күнделікті жұмысы туралы айтып, үшінші қабаттың балконында қалып қойған қызды құтқарғаны жайлы әңгіме өрбітті.
– Осы жылдың мамыр айында бізге Чкалов көшесі 6 мекенжайы бойынша балконда бала ілулі тұрғаны туралы шақырту келіп түсті. Қыз қолын москит торына тіреген. Мен жоғары көтерілгенде, құлап қала жаздаған сәт болды. Мені учаскелік инспектор Ілияс Қазбаев ұстап қалды. Менің серіктесім Владимир Китов мені сақтандыру үшін балконның астында болды. Пәтерге көтеріліп, мен қызды тыныштандырдым, сол кезде оның анасы да келді. Ол қызын пәтерде қалдырып, дүкенге барған, – деді Олжас Амришев.
Оқушылар полицейдің қызметі мен өмірі туралы көптеген сұрақтар қойды. Кейбір жігіттер Олжастың оқиғасынан шабыт алып, болашағын полициямен байланыстырғысы келетіндерімен бөлісті.
– Сабақ қызықты, өте мазмұнды және оқушылар үшін пайдалы болды. Мұндай оң іс-шараларды жиі өткізу қажет, – деп атап өтті 8-сыныптың сынып жетекшісі Динара Токусарова.
Іс-шара полиция департаментінің мұражайында өткен экскурсиямен аяқталды.