Биыл СҚО-да көлікті заңсыз жолмен қайта жабдықтаудың 200-ге жуық дерегі анықталды
СҚО полицейлері жыл басынан автокөліктерді заңсыз жолмен қайта жабдықтаудың 200-ге жуық дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елден сұйытылған газды әкетуге тыйым салуға байланысты 14 желтоқсаннан бастап СҚО полицейлері облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Бірнеше күннен бері мұндай әрекеттер анықталған жоқ. Сонымен қатар тәртіп сақшылары ауыр жүк көлігін заңсыз жолмен қайта жабдықтауды тексеруде.
– Қозғалтқышы үлкен көлік жүргізушілері көбінесе автогазды қолданады. Естеріңізге сала кетейік, қайта жабдықтау рәсімі тиісті рұқсат болған жағдайда ғана мүмкін болады. Заңсыз қайта жабдықтау қалыпты жұмыс режимінің бұзылуына және апат қаупіне әкелуі мүмкін, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Бұл көлік құралының құрылысында қарастырылмаған кез келген өзгерістерге қатысты. Қосымша жарықтандыру құрылғыларын орнату, шанақтың көлемін ұлғайту және «баптаудың» басқа элементтері рұқсат етіледі, бірақ мамандардың келісімімен ғана. Өзге жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. 7-бөлім заңсыз қайта жабдықталған көлік құралын пайдаланғаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
2023 жылдың басынан бастап СҚО-да заңсыз қайта жабдықталғаны үшін 198 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция мен көліктік бақылаудың бірлескен рейдтері бұдан әрі де тұрақты негізде жүргізілетін болады.