Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның авиатехника паркі жаңа ұшақпен толықты

Астана қаласының әуеайлағында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының авиациясы үшін екінші Y8F200WА көп мақсатты орта көлік ұшағын жеткізу бойынша салтанатты іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұшақты жеткізуді Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанындағы әскери атташе аппараты және Қытайдың авиация өнеркәсібі корпорациясының CATIC компаниясы жүзеге асырды.

Айта кетейік, CATIC компаниясы 1979 жылдан қазіргі уақытқа дейін әлемнің 60-тан астам еліне қару-жарақ пен әскери техниканың 2600-ден астам түрін, оның ішінде әуе кемелерінің 35 түрін жеткізді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Қытай авиация өнеркәсібі арасындағы ынтымақтастық 2016 жылдары басталған болатын. Нәтижесінде еліміздің құқықтық тәртіп әскерлеріне 2018 жылы алғашқы Y8F200W ұшағы жеткізілді.

Ұлттық ұланның алдына қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында бұл ұшақ Қазақстанның әртүрлі климаттық жағдайларында пайдалануға қабілетті.

Y8F200WА ұшағы – бұл максималды қашықтығы 4100 км болатын толық қысымды, көп мақсатты орташа көлік ұшағы және салмағы 20 тоннаға дейінгі ірі жүктерді де, 86 әскери қызметшіге дейінгі қызметтік жолаушыларды да тасымалдауға арналған. Ұшақтың круиздік жылдамдығы 550 км/сағат, сондай-ақ тәжірибелік жағдайда 10050 м биіктікте ұша алатыны белгілі.

Ұшақта күндіз-түні күрделі ауа-райында жұмыс істеуге қажетті жабдықтар бар, сонымен қатар жабдықталмаған және далалық аэродромдарға қона алады.

Бірінші ұшақты пайдалану Ұлттық ұланға елдің қоғамдық қауіпсіздігін қорғау және шет елдерге көмек көрсету жөніндегі міндеттерді шешуде авиацияны қолданудың мүмкіндігін бірнеше есеге ұлғайтты.

Тек 2023 жылы Сирия Араб Республикасына, Түркия Республикасына және Ауғанстан Ислам Әмірлігіне төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету барысында 120 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді, 80-нен астам адам эвакуацияланды және тасымалданды.

– Ұлттық ұлан тек Орталық Азия өңірінде ғана емес, ТМД елдері арасында да осы үлгідегі ұшақтарды сатып алуда ізашар болып табылады. Y8F200WА ұшағын таңдау «баға – сапа» сияқты критерийлерді сәтті біріктірді. Әуе кемесін Қытайдан Қазақстанға сәтті жеткізгені үшін командирге және экипаждың барлық құрамына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ұлттық ұланның авиациялық базасының ұшу және инженерлік-техникалық құрамдарын Қытай Халық Республикасының аумағында оқытып, дайындаған зауыт өкілдеріне ерекше рақмет, – деп атап өтті жұмыс кеңесі барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Константин Воронкин.

– Бүгін қазақ еліндегі достарымызбен бірге осында жиналу мен үшін үлкен мәртебе. Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен өзендер байланыстырады. Біздер тату көрші, сенімді серіктеспіз. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанындағы әскери атташе аппаратының қолдауымен ұшақты беру және жеткізу жоспар бойынша сәтті аяқталды. Ынтымақтастық жылдарында біз Ұлттық ұланның авиация мамандары өз ісінің кәсіпқойлары екеніне көз жеткіздік. Сіздермен өзара байланыс орнату Қытай қызметкерлеріне жағымды әсер қалдырды. Біз алдыңғы қабылданған ұшақтың сапалы жұмыс көрсеткеніне өте қуаныштымыз және Ұлттық ұлан осы ұшақтарды тиісті түрде пайдаланып, әуе флоты жоғары дәрежеде жұмыс істейді деген үміттеміз. Біз ұшақ өндірушілері ретінде әуе кемесінің қызмет ету мерзімі кезінде техникалық қолдау көрсетуге дайынбыз. Қытай халқында «Достық – таусылмас байлық» деген мақал бар. Осылайша Қытай мен Қазақстан ынтымақтастық пен серіктестік тарихының келесі тарауын ашады, – деп атап өтті CATIC компаниясының клиенттерге қызмет көрсету департаменті директорының орынбасары Янг Джингжи.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру