Қызылорда тұрғыны интернет-алаяқтық қылмысын ашқан тергеушіге алғыс білдірді
Қызылорда тұрғыны интернет-алаяқтық қылмысын ашқан тергеушіге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу саласы – сауаттылық пен шыдамдылықты қажет ететін мамандықтардың бірі. Жуырда Қызылорда қаласы полиция басқармасы бастығы Айдар Қасановтың атына тергеу саласы қызметкері, өз ісінің маманы, тергеу бөлімінің тергеушісі Мағжан Махсатовқа қала тұрғынынан жазбаша алғыс легі келіп түсті.
Қазіргі таңда алаяқтық қылмысы өршіп, белең алуда. Алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғыны ғаламтор желісі арқылы Toyota camry автокөлігін сатып алу мақсатында желіде көрсетілген телефон нөмеріне хабарласқан. Тұтқаның арғы жағындағы азамат жәбірленушіге автокөлік Шиелі ауданында тұрғандығын айтып, жәбірленушіден автокөлікке алдын ала төлем жасауын талап еткен. Сол сәтте жәбірленуші алдын ала 250 мың теңге көлемінде ақша аударған.
Қала тұрғыны автокөлікті алу мақсатында айтылған орынға барған сәтте өзінің алданып қалғанын білген. Жәбірленуші дереу қалалық полиция басқармасына келіп арызданған. Арыз негізінде басқарманың тергеу бөлімінің тергеушісі Мағжан Махсатов сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, алаяқтық жолмен алынған қаражат толығымен жәбірленушіге қайтарылуына ықпал жасаған. Қала тұрғыны өз қызметін адал атқарғаны үшін тергеуші Мағжанға өз алығысын білдірді.