Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада мас күйде көлік басқарған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Астанада мас күйде көлік басқарған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кешкі уақытта «102» пультіне супермаркет жанындағы тұрақта мас жүргізуші көлік қозғалысын бұзып жатқаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері Nissan Maxima көлігін басқарған 50 жастағы ер адамның құқық бұзушылық жасағанын анықтаған.

Тексеріс барысында тиісті сараптамаға сәйкес жүргізушінің көлікті «орташа дәрежедегі» мас күйде басқарғаны белгілі болды. Сонымен қатар оның 2021 жылдың басында сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны да анықталды. Алайда берілген жазаға қарамастан, жүргізуші тағы да мас күйінде рөлге отырып, адамдарды әуреге салып, тіптен жол қауіпсіздік ережесін өрескел бұзған.

Масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі (Көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта ер адам қамауда, Nissan Maxima көлігі коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешіміне сәйкес тергеу барысында жүргізуші 2 айға дейін қамауға алынуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру