СҚО полицейлері 5 күн ішінде 22 мас жүргізушіні анықтады
СҚО полицейлері 5 күн ішінде 22 мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. 5 күн ішінде олар мас күйінде автокөлікті басқарудың 22 фактісін анықтады.
Мысалы, Есіл ауданында рейд өткізу барысында тәртіп сақшылары боранда тәуліктің қараңғы уақытында бірден екі жолаушыны тасымалдаған мотоциклшіні байқады. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері анықтағандай, ауылдардың бірінің 30 жастағы тұрғыны әйелі мен оның туысын алып кеткен. Медициналық куәландыру оның мас күйде екендігін көрсетті. Айта кетерлік жайт, ер адамның көлікті басқару құқығы болмаған. Ол 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Облыс жолдарында ЖПІШ барысында полицейлер 1360 түрлі құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 63 жылдамдықты асыру фактісі және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге қозғалыс артықшылығын бермеуінің 34 фактісі анықталды.
– Ішімдік ішкеннен кейін рөлге отыратын адамдар — ықтимал қылмыскерлер. Өткен жылы мас жүргізушілердің кінәсінен 29 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды. Мұндай фактілердің алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі, – деді СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.