Ақтөбе облысының полиция департаментінде кеңес өтті
Кеңесте өткен жыл бойынша полицияның жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы шығарылды және алдағы кезеңге негізгі міндеттер айқындалды. Оған басшылық, департамент аппаратының қызмет бастықтары мен жеке құрам, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиында департамент бастығы Абай Жусупов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында берген негізгі талаптары мен тапсырмалары туралы айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысымен құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылып, заңды бұзуға бейім адамдармен нақты жұмыс істеу, олардың қоғамға қарсы мінез-құлқының барлық алғышарттарын тоқтатудың маңызы атап көрсетілді.
Мемлекет басшысы есірткінің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігі туралы қатаң айтты. Синтетикалық есірткінің қол жетімділігі және олардың тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың өсуіне әкеледі. Жыл басынан бері осы желі бойынша өңір полицейлері 600-ден астам алдын алу шарасын жүргізді. 185 есірткі сайты бұғатталды. Есірткі заттарын өткізудің 82 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 331 келі түрлі есірткі тәркіленді.
Жедел-қызметтің негізгі бағыттары туралы департамент бастығының орынбасарлары толық баяндады. Баяндамашылар 2023 жылы қабылданған кешенді шаралар облыста тұрақты жедел жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Зорлау қылмысы 31%-ға, тонау 35%-ға, бұзақылық 10%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 24%-ға, сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 6%-ға, мас күйінде жасалғандар 37%-ға, тұрмыстық қылмыстар 26%-ға төмендеді.
Кеңес барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстың жолын кесу жұмыстарының тиімділігін арттыруға баса назар аударылды. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 59%-ға өсті. Бұл ретте олар жасаған қылмыстың 70 пайызы мүліктік қылмыстар болған.
Сондай-ақ тәртіп пен заңдылықты сақтауға, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге ерекше назар аударылды.
Кеңесті қорытындылай келе, Абай Жусупов аппарат және аудандық полиция бөлімдері қызметтерінің басшыларының алдына Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрінің тиісті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша айқындаған негізгі міндеттерді қойды.