“34 жылдан бері біргеміз”: Қызылордада сотталған азамат заңды некеге тұрды
Қызылордада сотталған азамат заңды некеге тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесіндегі сотталған азамат жарымен 34 жылдан бері бірге екенін айтты. Алайда ол келіншегімен заңды некеде болмаған соң ұзақ мерзімге кездесуге рұқсат болмаған. Бұл жайтты балалары мекеме заңгері арқылы білген.
– Біз 1990 жылдан бері біргеміз. Үш баламыз бар. Күйбең тірліктің қамымен жүріп некені заңдастыру керек екеніне мән бермедік. Оның үстіне, ауылдық жерде бар ойымыз өрістен келетін қой, сиырымызда болды. Жаза басып, темір торға түскелі неке туралы куәлігіміздің жоқтығынан жарыммен ұзақ мерзімде кездесуге мүмкіндік болмады. Өз міндетін адал атқарып, осы некемізді растайтын куәліктің қолымызға тиюіне жағдай жасаған жандарға алғысымды білдіремін, – дейді жазасын өтеуші.
Сотталған азамат пен неке қиюға өтініш берген азаматша заңды неке куәлігін алғандықтан, тұрақты кездесуге мүмкіндік алған.
– Бұл жазасын өтеуші азамат пен неке қиюға өтініш берген азаматша арасында неке куәлігінің жоқ екені белгілі болған. Ұзақ және қысқа мерзімді кездесуге өтініш берерде сотталғанның жақындары жеке куәліктері мен туыстық қатынасын растайтын құжаттарын бірге береді. Балалары тек өздері мен анасының жеке басын растайтын құжат алып келгенде ғана неке куәлігінің жоқ екенін біліп, дереу неке қиюға өтініш жазды. Мекеме тарапынан АХАЖ бөлімінің қызметкері шақырылып, неке қию рәсімі жасалып, ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат берілді, – деді мекеме заңгері Ардақ Кеңшілікқызы.
Айта кететін жайт, мекемеде кәмелет жасына толған әр жазасын өтеуші заңды түрде некесін қиюға құқылы.