Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлты татар, жаны мен тілі қазақ полицей ару

Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызмет бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Диана Жұмағазиева ұлты татар болса да, жаны мен тілі қазақ екенін мақтан тұтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицей атанып, елге қызмет ету – өте жауапты міндет. Бүгінде жүктелген міндетті зор абыроймен атқарып жүрген жастар қауымы көп. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, жас та болса көргені көп, көкейге түйгені мол құқық қорғау қызметкері Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызмет бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Диана ерекше атап өтуге болады.

2001 жылдың қыркүйегінде Диана Атырау қаласында жарық дүние есігін ашты. Мектептен соң М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе Заң институтының заңгер мамандығына түсіп, 4 жылдық оқуын тәмамдады. Нәзік жүрегі мен өжет мінезі бір арнаға тоғысқан тәртіп сақшысының мектеп қабырғасынан бергі басты арманы – полиция қызметкері болу еді. Сол бір арманынан ажырамаған ару бүгінгі күні де өзіне жүктелген жұмысына мұқият қарайтын, халықтың ризашылығын алып, тапсырманы етене орындайтын, сондай-ақ өзінің жан-жақтылығымен қатардың алдында жүрген учаскелік полиция инспекторы.

Ішкі істер органына қызметке орналасуға бар күш жігерін арнап, ойлаған мақсатын жүзеге асыра білген Диана 2022 жылдан бастап иығына шен тағып, алғаш еңбек өтілін Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызмет бөлімшесі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастады.

Диананың небәрі 2 жылдық еңбек өтілі болса да, өз саласында абыройлы қызмет етіп, жас полицей жолында көптеген марапатқа ие. Айта өтсек, «Полицияға 30 жыл» медалі, ішкі істер министрінің алғыс хаты және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған.

Талапты полицей спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізген. «Өнерлінің өрісі кең» демекші, Диана Жұмағазиева кикбоксинг және қоян-қолтық ұрысымен шұғылданады. Мектеп кезінен спортқа қызығушылығы артқан полицей бүгінде қоян-қолтық ұрыстан жастар арасында Қазақстан чемпионы, әйелдер арасынан Қазақстан финалисі және әлем финалисі, қоян-қолтық ұрыстан әйелдер арасында әлем чемпионы, ІІМ чемпионатының жеңімпазы, Қазақстан кубогының чемпионы және әлем кубогының финалисі және спорт шебері. Дүбірлі додаларда өңірдің намысын қорғап, ішкі істер органында қызметі мен спортын ұштастыра білген полиция қызметкері Диана 3 тілде, яғни, қазақ, орыс және татар тілінде еркін сөйлей біледі. Осындай жеті қырлы, бір сырлы нәзік аруымыз алдағы уақытта құқықтық қоғамдық тәртіпті сақтауда, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда өз үлесін қосып, қызметтік борышын адал орындап, халықтың алғысын арқалай бермек.

Ата-анасынан әділеттілікті үйрене білген Диананың кәсіби жолына отбасы мен спорт жаттықтырушысының үлесі тиген.

– Жеңіс пен жеңілісте қолдап, қуаныш пен қайғымды бөлісе білген осы адамдар, – дейді тәртіп сақшысы.

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор үлестерін қосатын тәртіп сақшыларының игі істері мен жетістіктері қашанда көпке үлгі. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру