Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында «Динамо» спартакиадасы басталды

СҚО-да құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында «Динамо» спартакиадасы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасындағы «Динамо» дене шынықтыру, спорт қоғамының спартакиадасына қатысқан солтүстікқазақстандық полицейлер кезекті спорттық маусымды бастады. Жылдағы дәстүрге сай, спартакиаданың алғашқы түрі Петропавлдағы Борки кентінде өткен шаңғы жарысы болды. Жарысқа 10 ұжым қатысты.

Спартакиаданың ашылуына «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Туғанбаев, құрметті ардагер-динамошы Бауыржан Құлжанов. Спортшылар алдында сөз алған Бауыржан Ниязұлы өңірдегі бірқатар полицейлердің республикалық және әлемдік ареналарда биіктен көрініп жүргенін атап өтті. Олар – қазақ күресінен чемпион Батырхан Қайырбек, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Нұрсұлтан Жақыпов (кикбоксинг) пен Наталья Богданова (бокс).

Жарыс жолына алғашқы болып әйелдер шықты. Нәзік жандылар арасында осындай жарыстардың жеңімпазы, Президенттік көпсайыстан ҚР спорт шеберіне үміткер, полиция капитаны Лидия Логинова суырылып шығып, мәреге бірінші келді. Ер адамдар арасында ҚР спорт шебері, полиция лейтенанты Ілияс Жұманов жеңімпаз атанды. Командалық есепте ҚР ҰҚК шекара қызметі департаментінің қызметкерлері чемпион атанды, екінші орынды СҚО полиция департаментінің шаңғышылары иеленді, үшінші орын ҚР Ұлттық ұланы академиясының спортшыларына бұйырды.

Жекелей есептегі жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, жүлдегерлерге кубоктар мен грамоталар берілді.

– Спорт – дене шынықтыруды дамытуға және салауатты өмір салтын ілгерілетуге мүмкіндік беретін полиция қызметінің ажырамас бөлігі, – дейді СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы полиция майоры Орал Хамзин.

«Динамо» ДШСҚ спартакиадасының келесі түрі – волейбол. Құқық қорғаушылар 12 және 13 наурызда кездесіп, үздіктерді анықтайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру