ШҚО ПД-да әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері марапатталды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыдан тура 25 жыл бұрын ішкі істер органдарының құрылымында жаңа қызмет – әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі пайда болды. Инспекторлар психологиялық, құқықтық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар оқу орындарында және еңбек ұжымдарында азаматтармен ауқымды ақпараттық жұмыс, атап айтқанда дәріс сабақтарын, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер жүргізеді.
Бөлімше полиция, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да мемлекеттік органдар арасындағы байланыс болып саналады. Бүгінгі таңда полиция департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің штатында осындай 13 бірлік қарастырылған, жақын арада оларды тағы 33 лауазымға арттыру туралы мәселе қаралып жатыр.
– Сіздердің еңбектеріңіз қоғам үшін өте маңызды және қажет қызметтердің бірі. Сіздер психологтың да, заңгердің де қызметін қатар атқарасыздар, отбасын сақтау үшін күресіп, жүрген әрбір әйелге көмек көрсетесіздер. Сіздердің жұмыстарыңыз тәулік бойы байланыста болуды қажет етеді, – деп атап өтті ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Ренат Унарбеков.
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі мен ШҚО ПД бастығының бұйрықтарымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және бөлімшенің құрылғанына 25 жыл толуына орай Алена Мокина, Айжан Набиева, Назгүл Сабырбекова, Айгүл Аленова медальдармен марапатталды.