Шымкентте полицейлер ішінде ақшасы бар жоғалған әмиянды иесіне тауып берді
Шымкентте полицейлер ішінде ақшасы бар жоғалған әмиянды иесіне тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай даңғылында қызмет атқару барысында патрульдік полк инспекторлары Нұрсұлтан Сеитжанов пен Бексұлтан Ыстыбайдан ер адам көмек сұрады. Денсаулығын тексеруге келген тұрғын медициналық мекемеге кірген кезде әмияны жоғалғанын білгенін айтты. Оның ішінде құжаттары, түрлі валютада 120 мың теңгеге жуық ақша, төлқұжаты мен банк карталары болған.
Бірлесіп іздеу нәтиже бермегендіктен, ер азамат үмітін үзіп, үйіне қайтқан. Алайда полицейлер аумақты аралап, өткен-кеткендерден сұрастыруды жалғастырды. Нәтижесінде портмоне табылды.
– Әмиян иесінің қалтасынан жол бойына түсіп қалған екен. Біз тұрғынның телефон нөмірін тауып, оған жақсы жаңалықты хабарладық, – дейді Нұрсұлтан.
Әмиян иесі тәртіп сақшыларына жұмысы мен адалдығы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
– Әрқашан көмегімізге мұқтаж жандардың үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімізді салуға тырысамыз. Полиция қызметкері үшін азаматтардың алғысынан артық марапат жоқ, – деп қоса өтті офицерлер.