Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да сотталғандар түрлі ұлт-өкілдерінің музыкалық аспаптарын жасады

Шығыс Қазақстан облысында Наурыз мейрамы қарсаңында сотталғандар түрлі ұлт-өкілдерінің музыкалық аспаптарын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурыз – барлық  шығыс  халқына ортақ ең үлкен мереке. Бұл мереке бірлік, бейбітшілік, мейірімділік пен бақыт нышаны.

Наурыз мейрамының қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының ҚАЖД-ға қарасты №18 мекемесінің қызметкерлері Шемонаиха ауданының Достық үйіне барып, оларға сотталғандардың қолымен жасалған музыкалық аспаптарды сыйға тартты.  Қолөнершілер жасаған шешендердің музыкалық аспабы дечигпондар, армян аспабы дудук,  азербайжан ұлтының барабандары агара және зар, поляктың  бурчибасы, орыстың балалайкасы, тәжік дабылы дойра, корей музыкалық аспабы маракас өңірдің көрмесін толықтыратын болды. Бұл аспаптарды жасауға жазасын өтеушілердің барлық жасақтары арасынан шеберлер табылды.

– Сіздерге барлық этностардың ұлттық өзіндік мәдениеттерін, прогрессивті халықтық дәстүрлер мен қолөнерін қолдап, жаңғыртқандарыңыз және насихаттағандарыңыз үшін шын жүректен алғысымызды және ризашылығымызды білдіреміз. Біз қалыптасқан іскерлік және достық қарым-қатынастардың сақталуына сенеміз және одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырамыз деген үміттемін, – деді Достық үйінің директоры Гүлнар Бекетаева.

Достық үйінде 14 этномәдени бірлестік бар. ШҚО ҚАЖД-ға қарасты №18 мекеменің, сондай-ақ жеке тұлғалардың арқасында көрме экспонаттары толықтырылды. Көрмеге тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптар, зергерлік бұйымдар, ұлттық костюмдер қойылған.

– Наурыз мейрамы қарсаңында көрме экспонаттарын көптеген музыкалық аспаппен толықтыра алғанымызға қуаныштымыз. Өйткені бұл мереке өзара түсіністік, достық пен ынтымақтастықты білдіреді», – деп атап өтті ШҚО ҚАЖД-ға қарасты №18-ші мекеме бастығының орынбасары Қадирхан Хамзин.

Жазасын өтеуші қолөнершілер музыкалық аспаптарды шамамен 2 ай ішінде жасап бітірген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру