Ақмолалық полицейлер су басқан 21 жолдың бойында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр
Ақмола облысының полицейлері су тасқынында қалған 21 жолдың бойында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында полицейлер су тасқыны салдарын жою және қауіпсіздіктің алдын алу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы жедел штаб құрды. Күн сайын осы бағыт бойынша облыстық полиция департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Жеке құрамның 714 қызметкері және 152 бірлік техника бөлінді.
Жедел штабтың ақпараты бойынша облыс аумағында жолдың үстіндегі егістіктер мен өзендерден еріген су тасқыны 21 жолды алып жатыр. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар бойынша – 1, облыстық маңызы бар жолдар бойынша – 8, аудандық маңызы бар жолдар бойынша – 12.
Бұл жолдардың барлығы патрульдік полиция қызметкерлерінің толық бақылауында. Жолдар шектелмеген, барлық жерде балама қауіпсіз жолдар бар.