ШҚО-да үздік патрульдік полиция инспекторы анықталды
Өскеменде патрульдік полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыру мақсатында 2024 жылғы «Үздік маман» облыстық байқауы өтті. Іс-шараны жергілікті полиция қызметі басқармасының басшылығы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күні бойы облыстық және қалалық батальонның, аудандық полиция бөлімдерінің саптық бөлімшелері атынан қатысқан 16 қызметкер табельдік қарудан атыс даярлығы, дене шынықтыру дайындығы, нормативтік-құқықтық актілерді білу және Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидаларын білу бойынша практикалық сынақтар тапсырудан бақ сынасты.Сондай-ақ, полицейлер жылдам маневр жасау дағдыларын, алғашқы медициналық көмек көрсету, қоян-қолтық ұрыс техникасын меңгеру деңгейін, әрі қозғалыс қарқыны жоғары қиылыстарда қолмен реттеудегі тәжірибесін көрсетті.
Конкурс қорытындысы бойынша ПД ППБ қызмет инспекторы Дәулетханұлы Медет өз мамандығы бойынша үздік атанды. Екінші орынды Өскемен қаласы ППБ қызмет инспекторы Арман Ахметжанов иеленсе, ал үшінші орын ШҚО ПД ППБ қызмет инспекторы Ернұр Қалқамановқа бұйырды.
Әртүрлі номинациялар бойынша :
– атыс дайындығы бойынша ПД ППБ қызмет инспекторы Қалихан Әсет;
– дене шынықтыру даярлығы бойынша – Глубокое ПБ ППБ қызмет инспекторы Бақытбек Азамат;
– күрестің жауынгерлік тәсілдері бойынша – Өскемен қаласы ППБ қызмет аға инспекторы Дидар Мисинов;
– алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша – ППБ қызмет аға инспекторы Мекенғали Батыр;
– құқықтық актілер білуін тестілеу бойынша – ППТ қызмет аға инспекторы Ағыбаев Рустам;
– ҚР Жол жүрісі қағидалары білуін тестілеу бойынша ПД ППБ қызмет инспекторы Кәкенов Сырым;
– жылдамдықты маневірлеу бойынша ПД ППБ қызмет аға инспекторы Қалиев Ернат;
– жол қозғалысын қолмен реттеу бойынша Өскемен қаласы ППБ қызмет аға инспекторы Рамазанов Данияр үздік нәтижелер көрсетті.
Жарыстың жеңімпаздары мен қатысушыларын ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков құттықтап, патрульдік полицей болу – бұл мамандық қана емес, өмір салты екенін атап өтті.
– Қаланың қауіпсіздігі, көшелердегі тәртіп және төтенше жағдайларға жедел ден қою сіздерге тікелей байланысты. Сондықтан сіздердің әрқашан қалыпта болғандарыңыз маңызды. Өйткені, бұл кәсібиліктеріңіз бен іс-әрекетке дайындықтарыңыз адамдардың өмірін құтқарады және елімізді қауіпсіз етеді, – деп аяқтады өз сөзін облыстың бас полицейі.
Айта кетейік, жеңімпаз Дәулетханұлы Медет 2024 жылдың 24-25 маусымы аралығында Астанада өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ІІО қызметкерлерінің республикалық және халықаралық кәсіби шеберлік байқауына Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысатын болады.