Қызылорда облысындағы бірлігі жарасқан үлгілі ауылдар
Қызылорда облысындағы Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылында соңғы 5 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Үлгілі ауылда қызмет ететін учаскелік полиция инспекторы аймақтағы жұмысы жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қасиетті Сыр елінің қызметі мен антына адал тәртіп сақшысы ерекше құрметке ие. Бұлай деуге себеп Қызылорда облысы ПД Арал ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Измағанбетов қызмет атқаратын Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылында 5 жылдан бері бірде бір қылмыс тіркелмеген. Бұған азаматтардың тату-тәтті қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторының қолға алған профилактикалық шаралары негіз деуге болады.
Өзгелерге үлгі болған бұл екі ауылда 3470 адам тұрады. 9 шаруа қожалығы бар. Ауыл балалары тағылымы мол 2 білім ошағында оқиды.
Ауыл тұрғындарының көбі мал ұстайды. Учаскелік инспектор Ғалымжанның айтуынша, бұл ауылда қоғамдық тәртіп күн сайын профилактикалық жұмыстар арқылы күшейтіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын учаскелік полиция инспекторларына берілген. Бұл ретте ішкі істер органдарының “отымен кіріп, күлімен шығып” жүрген учаскелік полицей Ғалымжанның жұмысы қауырт. Халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүрген тәртіп сақшысы халыққа жақын болудың маңызын түсініп, әрбір тұрғынға көмек қолын созуға тырысады.
Учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан.
Ғалымжанның жұртшылық алдында жауапкершілігі мол жұмысын бастағанына 6 жыл болды. 2012 жылдан бастап ол ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Бүгінде учаскелік полиция инспекторы өзіне берілген аумақтағы қандай да болсын құқық бұзушылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, түскен арыз-шағымдар сияқты көптеген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Осы саладағы қызметі әділ бағаланып, Қызылорда облыстық полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталған. Ғалымжан адал жары Гүлнұрмен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.