Павлодарда абаттандыру ережелерін бұзған кәсіпкер жазаланды
Павлодарда абаттандыру ережелерін бұзған кәсіпкер жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоршаған әлемнің тазалығы әр адамға байланысты. Өз жеріне, үйіне және демалыс орындарына және ескерткіштерге ұқыпты қарау – қоршаған ортаны таза ұстаудың кепілі. Осыған қарамастан, кейбір азаматтар абаттандыру ережелерін бұзады.
– Мысалы Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесінде кәсіпкер кафе ғимаратының жанына қоқыс жинады. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін кәсіпкер жазаланды. Естеріңізге сала кетейік, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК, кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 100 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл қарастырылған, – дейді Екібастұз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Самат Омаров.
Айта кетейік, ағымдағы жылы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2 036 азамат жауапқа тартылды, оның 221-і Екібастұз өңірінде. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылды.