Астана полицейлері Гана мемлекетінің азаматтарын елден шығарды
Астана қаласының полицейлері Гана Республикасының азаматтарын елден депортациялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күннен күнге дамып келе жатқан елордамыз, әртүрлі елдерден келетін көптеген шетелдік азаматтардың қызығушылығын тудырады. Осыған байланысты елорда аумағына алыс және жақын шет елдерден келетін азаматтар түрлі мәселелер тудырып жатады.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерге қатысты елден шығарылғанға дейін алдын алу шаралары қолданылады.
Байқоңыр аудандық ПБ көші-қон қызметі бөлімі қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін, яғни визада көрсетілген елде болу мерзімі немесе көші-қон карточкасында тіркелу мерзімі өткеннен кейін үш тәулік ішінде елден шықпағаны үшін, Гана Республикасының төрт азаматын депортациялады.
Көші-қон тұрақтылығын сақтау, көші-қон процестерінің криминогендік жағдайға қолайсыз әсер етуінің ықтималдығын азайту мақсатында елордалық полиция қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Полицейлер шетелдіктердің елордада болуын, олардың заңнама талаптарын сақтауын және елден уақтылы кетуін бақылайды.