Астанада тәртіп сақшылары велосипед ұрлығына қатысы бар тұрғынды анықтады
Астанада жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері велосипед ұрлауға қатысы бар 32 жастағы қала тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Велосипед ұрлығы – маусымдық қылмыс. Күн жылынғаннан бастап көптеген қала тұрғындары екі дөңгелекті көлікке ауысады. Мұны пайдаланатын қаскүнемдер қоғамдық орындардан ұрлық жасайды. Негізінен ұрлық түнде және көбінесе үйлердің кіреберістерінен жасалынады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері велосипед ұрлауға қатысы бар 32 жастағы қала тұрғынын анықтады. Белгілі болғаны ер адам Жеңіс даңғылымен кетіп бара жатып, тұрғын үй кіреберісінің алдында тұрған екі дөңгелекті көлікті байқаған.
Қаскүнем қылмыстық оймен велосипед бекітілген арнайы сымды кесіп, көлікті алып кеткен. Кейін оны қара түске бояп, өзі теппекші болған.
Тағы бір велосипед ұрлығын Алматы аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ашты. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Майлин көшесіндегі үйдің кіреберісінен Trinx велосипедті жымқырған 32 жастағы ер адам анықталды.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамдардың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Астана қаласының полиция департаменті велосипедтерді қараусыз қалдырмауды ескертеді. Велосипедтерді ұрылардың жеміне айналдырмау үшін ұрлыққа қарсы сапалы велосипед құлыптары мен сымдарды пайдалануды ұмытпаңыз. Тұрақ ретінде бейнебақылау камераларының көру аймағында жақсы көрінетін жерлерге артықшылық беріңіз.