Астана полициясы азаматтарды 8 млн теңгеге сан соқтырған күдіктілерді ұстады
Астана полициясы азаматтарды 8 млн теңгеге сан соқтырған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Шымкент қаласының 23-26 жас аралығындағы үш тұрғынын ұстады.
Автокөлік ұтыс ойынына қатысамыз деген желеумен интернет ресурстарын пайдаланып, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы жәбірленушілерге тиесілі қаражатты иемденген. Полиция олардың осыған ұқсас 25 оқиғаға қатысы барын анықтады. Азаматтарға келтірілген материалдық шығын шамамен 8 миллион теңгені құраған.
Ұсталғандар кінәсін мойындап, Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың елордада бұрын жасалған осығпн ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертіп, интернетте жиі кездесетін алаяқтық түрлерін келесідей еске салады:
– алаяқтар азаматтарға телефон соғып, өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырып, қылмыскерлерді ұстаймыз деген желеумен қорғалған шоттарға ақша аударуды сұрайды;
– Whatsapp мессенджері арқылы таныс азаматтардың үшінші тұлғалардың банктік шоттарының деректемелерін көрсете отырып, қарызға ақша алу туралы өтініші бар хабарламалар жолдайды;
– алаяқтар өздерін тәртіп сақшысы ретінде көрсетіп, жақын туыстары жол апатына кінәлі деп ақша талап етеді.