Алматы облысында полицейлер автоблогерлермен және қоғам белсенділерімен бірге жол белгілерін зерттеді
Алматы облысында полицейлер автоблогерлермен және қоғам белсенділерімен бірге Іле ауданының жол белгілерін зерттеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы жағдайларын жақсартуды және жолдардың барлық конструктивтік элементтерінің жай-күйін бағалауды талап ететін учаскелерді анықтау мақсатында өңір полицейлері көше-жол желілеріне тексеру жұмыстарын жүргізді.
Әкімшілік полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, коммуналдық және жол қызметтерінің өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен, сондай-ақ танымал автоблогермен және өңірдің қоғам белсенділерімен бірлесіп Іле ауданы жолдарының техникалық жай-күйін тексерді.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әкімшілік полиция мен жергілікті полиция қызметі жұмысының басым бағыттарының бірі. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алумен қатар, полицейлер жолдардың және елді мекендердің көше-жол желісінің жай-күйін үнемі талдау жұмыстарын жүргізіп отырады, – деп мәлімдеді Алматы облысы ПД ӘПБ бастығы Еркебұлан Ахметов.
– Көшелерді тексеру барысында біз жол белгілерінің көрінуі мен дұрыс орналасуы бойынша белгіленген стандарттарға сәйкес келмеу проблемаларын, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүлінген немесе оқылмайтын белгілерді ауыстыру қажеттілігін, таңбалардың тозуы мен өшірілуін анықтадық, бұл жүргізушілерді жаңылыстырады. Бұл ретте белгіленген стандарттарға сәйкес таңбалауды қайта сызу талап етіледі, сондай-ақ нормалар мен ережелерге сәйкес санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі көрсетілген, – деп атап өтті өңірлік автоблогер Аян Сауранбаев.
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 674 зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар жолдады. Жол-коммуналдық ұйымдардың 159 лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.