Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары қылмыстық-іздестіру қызметінің қыр-сыры жайлы әңгімелейді
Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары қылмыстық-іздестіру қызметінің қыр-сыры жайлы Polisia.kz сайтының редакциясына айтып берді.
Ішкі істер органдарының аса маңызды құрылымдарының бірі ол – криминалдық полиция қызметі.Қылмыстың ашылуына, қылмыскерлерді құрықтауда жедел әрекет ететін осы криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері. Қылмыстық-іздестіру жұмысы сонау 1918 жылдан бері бастауын алып, осы күнге дейін ішкі істер органының ең бір жауапты саласы болып саналады.
– Жедел уәкілдер азаматтардың тыныштығын күзете отырып, күн сайын қылмысқа қарсы күрес жүргізеді, қылмыскерлерді ұстауда өз өмірін тәуекелге тігеді. Ауыр еңбек, қақаған аяз, аптап ыстық пен жауын-шашындарда із кесіп, суық қарумен қаруланған қылмыскерлермен бетпе-бет келу, жедел іс-шаралар барысындағы түрлі жарақаттар – бұл жедел полиция қызметкерлерінің қалыпты жұмысы. Қауіп-қатер – күнделікті құбылыс, ал із кесуші мамандығы – өмір салты ретінде қабылданатын қылмыстық- іздестіруді полицияның жетекші бөлімі деп атайтыны да сондықтан, – дейді Жамбыл облысы ПД бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Нұржан Рахметуллаев.
Жалпы із кесушілердің жұмысының өз ерекшелігі бар. Олар әдетте кезекшіліктегі бір тәулікте жедел-тергеу тобының құрамында оқиғаны мұқият зерделейді. Үй шатырлары, жертөлелер мен қоқыстарды тексеріп, қандай да бір ілік табу үшін ондаған куәгерден жауап алып, шеті-шегі жоқ хаттамалар мен анықтамалар толтырады.
– Оған қоса олар жәбірленушімен, куәгермен және қылмыскермен сұхбаттасу тетігін табу үшін психолог болуы шарт. Қалай десек те қылмыстық-іздестіру қызметі өте жауапты, әрі қылмыс әлемімен ұдайы бетпе-бет келетін қауіпті мамандық, – дейді Нұржан Рахметуллаев.
Әрине 32 жыл бұрынғы полиция қызметі мен қазіргіні салыстырсақ, бүгінде жедел қызметкерлерге арнайы жоғары технологиялар қойылған. Қазіргі таңдағы заманауи ғылыми-техникалық прогресс дәуірінде қылмыстардың да жаңа түрлері орын алуда. Әйтсе де алдыңғы қатардағы технологиялар мен ақпараттық-талдау жүйесінің бірде-бірі жедел уәкілдің интелектінсіз толығымен іске қосылмайды. Бұл ретте тәжірибесі мол сала мамандарының берер тәлімі маңызды рөлге ие.
Елімізде ұйымдасқан қылмыс жайлаған 90-шы жылдары Жамбыл облысы аумағында бопсалаушылар мен қарақшылармен аянбай күрескен Мейірхан Жаманбаев пен Николай Барановтың еңбектерін айтуға болады.
2006 жылы маусым айында «ТұранӘлембанк» қаржы ұйымының үш инкассаторын өлтірумен ұштасқан қарақшылық шабуылды ашу жұмысын жүргізген Н. Баранов еді. Осы аса ауыр қылмысты ұйымдастырып, жүзеге асырған қылмыстық топты құрықтау жолы мен тәсілдері кейінгі жастарға сабақ, үлгі болып келеді.
Ал өз қызметтік жолын учаскелік инспектордан бастап Ішкі істер басқармасының криминалдық полиция қызметінің Жамбыл, Байзақ аудандық ішкі істер бөлімі, Тараз қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы жоғары лауазымдарына жеткен Жаңабек Қалдарбековтың сол жылдардағы қылмыспен күрестегі жүріп өткен еңбек жолы бір төбе. Оның басқарған ұжымы қылмыстың сөзсіз ашылуына, әрі ізін суытпай ашылуына қол жеткізбей қоймайтын.
– Қылмыскерлермен күрес жолында қызмет бабында қаза болған әріптестерімізге арнап үнемі еске алу рәсімін өткізіп, есімдерін құрмет тұтамыз. Олардың еңбек жолы, ерлік жолы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Бұл салада атқаратын іс өте көп, біз жұдырықтай жұмыла отырып, бірлесе қызмет атқара береміз деген сенімдемін, – деп әңгімесін қорытындылады Н. Рахметуллаев.