Қызылорда облысы ПД бастығының бірінші орынбасары көлік жүргізушілеріне құқықтық кеңес берді
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары көлік жүргізушілеріне құқықтық кеңес берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қызылорда облысының полиция департаментімен “Жолда қабылдау” акциясы өткізілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жүргізушілер арасында жүргізу тәртібін қалыптастыру бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылған шара Самара – Шымкент тасжолының Бірқазан елді мекенінің тұсында өтті.
Департамент бастығының бірінші орынбасары Е. Абдрамановтың бастамасымен өткен ақция барысында жүргізушілерге тек жазалау шарасын қолдану емес, сонымен қатар адамның өмірі мен денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметкерінің басты мақсаты екендігі түсіндірілді.
Жол қауіпсіздігі мәселесі қашан да өзекті. Жыл басынан Сыр өңірінде полиция қызметкерлерімен қабылданған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар саны 11,4 пайызға, ал Самара – Шымкент тасжолында 36,8 пайызға азайған.
Самара – Шымкент тасжолының бойында жол ережесін бұзудың 18 мың 344 дерегі анықталса, оның 5 мыңға жуығы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар.
Жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар саны төмендеді. Дегенмен де әлі де болса қауіпсіздік ережелерін сақтауға назар аударған абзал.
Бүгінгі күні жүргізушілердің бақылау камералары тұсында ғана жылдамдықты бәсеңдетіп, келесі камераға дейін қатты жүретінін бәріміз білеміз. Жүргізушілерді тәртіпке келтіру үшін қазіргі уақытта “Қорғау” жүйесі, мобильдік жылдамдық өлшегіштері бар автомобильдер қолданысқа енгізілді. Бүгінде автокөлік жүргізушісі сан мәрте айыппұл арқаласа да, жылдамдық асыруды тоқтатар емес.
Жол ережесіне бағынбаудың өзі адам өміріне қауіпті. Жалпы, тәртіпке бағынбаған жүргізуші көбіне көлік құралдарын пайдалану қағидасын бұзу, көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру, көлік құралын басқарудан айыру, көлік құралын басқарудан шеттету және масаң күйін куәландыру бойынша айыппұл мен жаза арқалайды.
Сондай-ақ жол бойында жайылып жүретін малдың да көлік апатын тудыратын бірден-бір фактор екенін де естен шығармаған жөн.
– Жол саласына қатысты әр деректің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпайық. Ең бастысы – қайғылы оқиғаны болдырмаудың нақты нәтиже беретін жолдарын тауып, жүзеге асыруымыз қажет, – деді Е.Абдраманов.
Шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілердің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар көлік жүргізушілеріне ескертпе, түсіндірме парақшалары таратылды.