Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір отбасынан шыққан бес бірдей ұлытаулық полицей

Полиция қызметі – қарапайым жұмыс емес, батылдықты, өзіне сенімділікті және борышқа адалдықты қажет ететін кәсіп. Сондықтан бұл мамандықты екінің бірі бел буып таңдай бермейді. Қызметтің қиындығына шыдамай, жарты жолдан тастап кететіндер де кездеседі. Дегенмен бүгінгі тақырыбымыздың кейіпкерлері өмірін құқық қорғау саласына арнаған жандар. Ұлытаулық Дүйсенбек отбасы туралы Polisia.kz сайтының журналисі баяндап береді. 

Дүйсенбек отбасында 5 бірдей адам тағдырын ішкі істер органдарымен байланыстырған. Олардың үлкені – әке-полицей Әбдіманап Дүйсенбек, ішкі істер органдарында 18 жыл қызмет етіп, бүгінгі күні құрметті демалыста.

Әбдіманап Дүйсенбек өзінің полициядағы еңбек жолын 1979 жылы Жезқазған облысының ішкі істер басқармасында жол патрульдік қызметінде инспектор болып бастаған. Бір салаға адал болған Әбдіманап Дүйсенбек, жол полициясы қызметінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеп, осы жерден капитан шенінде зейнетке шыққан. Әбдіманап аға 18 жыл бойы жол қауіпсіздігін қадағалап, жол апаттарының алдын алу мақсатында еңбектенсе, зейнетке шыққаннан кейін де 23 жылын халыққа жолда жүру ережесін үйретуге арнаған. Бүгінде ол Сәтбаев қаласындағы жүргізушілер одағы автомектебінің директоры қызметінде.

Әбдіманап Дүйсенбек өзінің адал жары Назипамен отау құрғанына 35 жылдан асыпты. Бүгінгі таңда екі ұл мен екі қызын жеткізіп, сегіз немерені тәрбиелеп отыр. Бір қызығы бұл отбасының екі бірдей баласы полиция күні қарсаңында дүниеге келген екен.

Әбдіманап ағаның бір ұлы мен келіні, сондай-ақ екі бірдей қызы да ішкі істер органдарында қызмет етеді.

Отбасының тұңғышы Асылхан Әбдіманапұлы кішкентайынан әкесінің жұмысына қызығып өседі. Болашақта ол да қылмыскерлерді ұстап, жамандықпен күресуге шешім қабылдайды.

Асылхан1992 жылы Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Сәтбаев қаласының  № 1 мектеп-гимназиясын аяқтап, Жезқазған политехникалық колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы техник-механик мамандығы бойынша бітіреді. 2014-2016 жылдар аралығында Жезқазған қаласындағы жоғары оқу орнын құқықтану мамандығы бойынша тәмамдайды. Полициядағы қызметін 2012 жылы Жезқазған қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында полицей болып бастаған Асылхан Әбдіманап бүгінде Ұлытау облысы полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасында идеологиялық және психологиялық жұмысты ұйымдастыру тобының аға инспекторы лауазымында қызмет етіп жатыр.

– Әкеге қарап ұл өсер деген. Кішкентайымнан әкемнің киіміне, көлігіне қызығып, әкеме еліктедім. Өскенде әкем сияқты болғым келді. Және сол арманыма қол жеткіздім, – дейді Асылхан Әбдіманап.

Асылхан Әбдіманапұлының жары Ботагөз Шалкибаева да ішкі істер органдарында жұмыс істейді. Олардың отау құрғанына 8 жылдан асты. Екеуін бір арнаға тоғыстырған да осы құқық қорғау органдарындағы қызмет.

– Ең алғаш 2014 жылы таныстық. Мен ол кезде мамандандырылған күзет қызметінің кезекші бөлімінде еңбек етіп жүргенмін. Сол жылы бізге жаңа қызметкерлер келді. Олардың арасында жан-жарым Ботагөз де болды. Ол бөлімге келіп қару-жарақ алып жүретін. Екеуміз сол жерде танысып, әрі қарай әңгімеміз жарасты. Бір жылдан кейін отау құрдық, – деп еске алды Асылхан.

Асылхан мен Ботагөз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қызы Айзере де өскенде әкесі, атасы және әпкелері сияқты полицей болғысы келеді. Әулеттің келіні Ботагөздің айтуынша, қиын да жауапкершілігі мол жұмыс отбасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейді. Полицейлер отбасында өмір сүру қайта өте оңай. Өйткені бір-бірін жақсы түсінеді және ортақ әңгімелері бар.

– Полицей болу менің бала кездегі арманым. Қазір Жезқазған қаласында полиция басқармасы тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің инспектор-психологы болып жұмыс істеймін. Полиция өте жауапкершілікті талап ететін сала. Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, көшедегі тәртіпті  қамтамасыз етіп жүреміз, – дейді нәзік жанды полицей.

Дүйсенбек отбасында Асылхан мен Ботагөзден бөлек, Асылханның екі қарындасы  да полиция қызметкерлері. Әулеттің екі қызы да әкесі мен ағасының жолын қуып, ішкі істер органдарына қызметке келген.

Қыздардың үлкені Асылжан Әбдіманап 1993 жылы Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында полиция бөлімінің кеңсе маманы. Тұрмыс құрып, 3 баланың анасы атанған.

Кіші қарындасы Аяулы Әбдіманап 1998 жылы Сәтбаев қаласында туған. Аяулы Ұлытау облысы ПД анықтау басқармасының анықтаушысы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – деген нақыл сөз бекер айтылмаған болса керек. Әке ісін жалғаған Дүйсенбек отбасы соның дәлелі. Мұндай әулеттердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – тәрбие. Мұндай отбасыларда тәртіп, адалдық, әділдік және қоғамға көмектесуге деген ұмтылыс бағаланады. Осы арқылы жас ұрпақтың ата-ана ісін жалғастыруға деген талпынысы қалыптасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру