Талдықорғанда ұландықтар жоғалған баланы іздеп тапты
Талдықорғанда ұландықтар жоғалған баланы іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 маусым күні Талдықорған қаласының “Жастар” спорт кешенінің маңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне белгісіз азаматша жоғалған баласын табуға көмек сұрап келді.
Ұландық сарбаздар азаматшадан қысқаша мәлімет алып, әскери жасақ кезекшісіне баяндап, дереу іздеуге кіріседі. Шұғыл іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әскери жасақ кезекшісі капитан Дайыр Әбукенов, әскери жасақ бастығы қатардағы Әсет Жаңабай және патрульдеуші сақшылар Рамазан Серікбай мен Әлихан Аманжол жоғалған баланы жарты сағат көлемінде табады.
– Анасынан жоғалған балақай туралы белгілерді сұрап алғаннан кейін бірден іздеуге кірістік. Кешкі уақыт болғандықтан көшеде адам көп болды. Жан-жақты барлау кезінде сырт келбеті жоғалған баланың киімі, бойы, жасына сәйкес келетін баланы байқап қалдық. Нақтыланған соң, көмек сұраған азаматшаға хабарласып, баласын табыстадық, – дейді капитан Әбукенов.
Бүлдіршінімен қауышқан қуанышты ана сарбаздарға алғысын білдіріп, 5514 әскери бөлім командирінің атына хат жолдады.