Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяққа сенген Ақтөбе тұрғыны 19 млн теңгесінен айырылып қалды

Алаяққа сенген Ақтөбе тұрғыны 19 млн теңгесінен айырылып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның жүйелі түрде ескертулеріне қарамастан, аңғал азаматтар кибералаяқтардың құрбаны болуды жалғастыруда. Өздерін түрлі құзырлы мекемелердің “қызметкері” ретінде таныстыратын күдіктілер телефон арқылы әрекет етеді. 

Шілде айында Ақтөбе қаласындағы мекемелердің бірінің басшысы телефон-алаяқтарының арбауына түсіп, 19 миллион теңгеге қарызға кірген. Ақтөбелік әйелдің телефонына белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің және полиция департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырған.

Қоңырау шалушылар жәбірленушіге оның атына алаяқтар түрлі банктерден 10 онлайн-несие рәсімделгенін және олардың күшін жою үшін  өз атына бірнеше несие рәсімдеу қажеттігін айтқан. Әйел қоңырау шалушылардың барлық шарттарын орындап, қаладағы 3 банктен өз атына 14 миллион теңгеге жуық сомаға несие рәсімдеген. Сонымен қатар жақын туыстарынан 5 жарым миллион теңге қарыз алған. Әрі қарай жалпы сомасы 19 миллион теңгеден асатын ақшаны алаяқтар көрсеткен банктік шоттарға аударған. Екі күннен кейін ғана алаяқтарға алданып, қарызға батқанын түсінген жәбірленуші полицияға арызданды.

– Құзырлы мекеме қызметкерлері WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалмайтынын, жеке деректеріңізді және телефонға ешқандай қосымша бағдарламалар жүктеуді сұрамайтынын және өз аттарыңызға несие рәсімдеп, аударып жіберуді талап етпейтінін азаматтардың тағы да есіне саламыз, – дейді Ақтөбе облысы ПД киберпол бөлімінің басшысы Галина Стырличук.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру