Биыл Қызылордада пробация есебіндегі 44 сотталған түзеу мекемесіне жіберілді
Қызылорда облысында жыл басынан жаза өтеу тәртібін бұзып, пробациялық бақылауға бағынбаған есептегі 44 сотталған бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде мыңға жуық сотталған бар. Олардың арасында жаза өтеу тәртібі мен сот міндеттеген талаптарды бұзып, пробациялық бақылауға бағынбайтын сотталғандар да кездеседі . Олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан еш нәтиже шығармаған. Пробация қызметкерлері 44 сотталғанның іс-құжаттарын жинақтап, сотқа жолдады. Сот қаулысымен олар бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілді.
ҚАЖ департаментінің пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының инспекторы Сәбигүл Тлеуованың айтуынша, жуырда Қызылорда қалалық пробация есебіндегі тағы бір сотталған түзеу мекемесіне жіберілген. Себебі ол 100 сағат мәжбүрлі еңбекті орындамай, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, түнгі мезгілде кала аумағында жүріп, тұрғылықты мекенжайында болмай, бірнеше рет жаза өтеу тәртібін бұзған. Қаулы күшіне енді.
– Есепке қою кезінде пробация қызметкерлері есептегі сотталғандарға сот жүктеген міндеттерді орындау, жаза өтеу тәртіптерін бұзбау және бақылаудан жасырынбау, ойын-сауық орындарына бармау, мекенжайды ескертусіз тастап кетпеу секілді міндеттерін түсіндіріп, жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығы жөнінде ескертіп, толық ақпараттандырады. Ескертулерге құлақ аспағандар түзеу мекемелеріне жіберіледі, – дейді Сәбигүл Тлеуова.