Ұлытау облысында тиісті құжаты жоқ 74 мотокөлік арнайы тұраққа қойылды
Ұлытау облысында тиісті құжаты жоқ 74 мотокөлік арнайы тұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз маусымының басталуымен қатар облыс, қала жолдарында мотокөлік жүргізушілерінің қозғалысы жанданды.
Көптеген жүргізушілер жол ережелерін елемей, мотокөлік басқару кезінде қорғаныс құралдарын пайдаланбай өзінің және өзгенің өміріне қауіп төндіреді.
Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері тұрақты түрде мұндай жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Өңірде мотокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болмаса да сақшылар алдын алу жұмысын тоқтатқан емес.
Күнделікті қала жолдарында патрульдік полиция рейдтік іс-шара жүргізсе, бекітілген әкімшілік учаскелерде учаскелік полиция инспекторларының күшімен мотоциклдерді пайдалану кезінде жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарға жол бермеу бойынша профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, құқық белгілейтін құжаттар тексеріледі.
Шара нәтижесінде тіркеуден өтпеген, тиісті құжаттары жоқ 74 мотокөлік құралдары уақытша сақтау үшін арнайы тұраққа енгізілді. Оның ішінде 14 мотоцикл, 45 скутер, 12 электрлік самокат, 3 электрмопед.
Мотокөлік құралын тиісті құжатсыз және рұқсат етілген жүргізуші категориясыз басқарған 22 жасөспірімнің ата-анасына кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.