Атырау облысының полицейлері «Жолда қабылдау» акциясын өткізіп жатыр
Атырау облысының полицейлері «Жолда қабылдау» акциясы аясында азаматтардың сұрағына жауап беріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 шілде күні мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өткізіліп жатыр. Акцияның мақсаты – халықпен кері байланыс орнатып, ашықтықты қамтамасыз ету, халыққа құқықтық көмек көрсету, қоғамдық және жол қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мәселесі бойынша тұрғындарды ақпараттандыру және құқықтық білімдерін жетілдіру.
Акцияда Атырау ҚПБ әкімшілік полиция және көші-қон қызметі басқармасы, №1 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторлары және патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бірінші күннің өзінде түске дейін 42 қала тұрғынының сауалы тыңдалды.
Мәселен, зейнеткер Айсұлу Кариева жеке меншік көлігінің құжаттары және төлененетін айыппұлы, ескірген төлқұжатын жаңарту туралы, көлік құралын тіркеу бойынша жауап алды.
Аталмыш акцияның ұтымды тұсы осылай құқықтық көмекке жүгінгендердің мәселелеріне қатысты жедел ақпараттың берілуінде. Кезексіз кез келген тұрғынды қабылдаған тәртіп сақшылары азаматтардың сұрақтарын тез арада қарап шықты.
Тікелей қабылдау жүргізген Атырау ҚПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Тулешов мұндай акцияны ұйымдастырудың халық үшін пайдасы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Жолда қабылдау» акциясы Солтүстік аймақ 69 мекенжайында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында сағат 18:30-ға дейін жалғасады.