Түркістан облысында ортақ пайдалану орындарын ластаудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды
Түркістан облысында жыл басынан бері ортақ пайдалану орындарын ластаудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізіліп жатыр.
Осы ретте жыл басынан бері Түркістан облысы полиция департаментінің құрылымдарымен абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластаудың 22 439 дерегі анықталып, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 13 647, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіргені үшін 5 690, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру бойынша 3 102 жайт тіркелді. Ал шілде айында 2672 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, шара қолданылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жылдың соңына дейін жалғасын табады және бұл жұмыстар облыс әкімі мен полиция департаменті бастығының назарында. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындарды экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жауапкершілікті арттыруға шақырады.