Тойда қымыз ішкен: Астана полицейлері мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстады
Астанада полицейлер мас күйдегі автокөлік жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мас жүргізуші – қылмыскер!» жергілікті рейдтік іс-шарасын өткізу барысында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Lexus RX300 автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ол 2023 жылдың қазан айында жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Мас күйдегі жүргізуші басқарған көлік күндізгі уақытта Қорғалжын тас жолында тоқтатылды. Жігіт үйлену тойында болғанын және қымыз ішкенін айтқан. Алайда медициналық сараптама кері нәтиже көрсетті. Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші «жеңіл дәрежедегі» мас күйінде көлікті басқарған.
Көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, 28 жастағы жігіт мас күйінде көлік жүргізген. Аталған факті бойынша тәртіп бұзушы одан әрі анықтау және іс жүргізу шешімін қабылдау үшін полицияға жеткізілді.
Қазіргі уақытта құқық бұзушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Заңнамаға сәйкес жүргізушіге 5 мың АЕК-ке дейін айыппұлдан бастап бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Астана қаласының полиция департаменті автокөлік иелеріне жол ережелерін сақтауды және көлік құралын мас күйінде немесе көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізбеуді ескертеді.