Павлодар тұрғыны полиция қызметкерлеріне кәсібилігі үшін алғыс білдірді
Павлодар тұрғыны полиция қызметкерлеріне кәсібилігі үшін алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтар тарапынан полиция қызметкерлеріне айтылған алғыс сөздер – олардың қызметінің айнасы. Облыс орталығының тұрғынынан @dp_pavlodar парақшасына кезекті алғыс келіп түсті. Қала тұрғыны патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел жұмысы үшін тәртіп сақшылары Аманай Әубәкіров пен Жанатбек Слямовқа алғысын білдіреді.
– Іздеу бөлімінің қызметкерлері Жанатбек Слямов пен Аманай Әубәкіровқа кәсіби біліктілігі үшін алғысымды білдіремін. Ворушин көшесіндегі Гагарин саябағының аялдамасында менің 15 және 6 жастағы екі баламды көлік қағып кеткен еді. Жүргізушіні іздеудегі жедел жұмысы үшін рақметімді айтамын. Бұл қызметкерлер өз ісінің мамандары, жұбайым екеумізді бірге жұбатып, құқық бұзушының қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланатынына сендірді. Ал таңғы сағат 11:00-де күдікті ұсталды. Сенім, үміт және нәтиже үшін алғыс. Оларға зор денсаулық және табыс тілейміз, – деп жазды қала тұрғыны.