Жаңа оқу жылы: Атырау полициясы профилактикалық жұмыстарды жалғастырып жатыр
Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы Айбек Алимов жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды жол-көлік оқиғаларынан сақтау жұмыстары жөнінде айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу, сондай-ақ балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіз мінез-құлыққа байланысты дағдыларын бекіту мақсатында 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында республикалық «Абайлаңыз – балалар!» акциясы өткізіліп жатыр. Осы ретте, Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы Айбек Алимов баяндамаларын мәлімдеді.
Алимовтың айтуынша, жыл басынан бері Атырау облыс көлемінде жасөспірімдердің қатысуымен 102 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бес жасөспірім қаза тапты. 124 жасөспірім әртүрлі дене жарақаттарын алды. Оның ішінде, жасөспірімдердің кінәсінен 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, үш жасөспірім қаза тауып, 19 жасөспірім дене жарақат алған.
– Мәселен, 27 шілде сағат 21:00 шамасында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында 14 жастағы жасөспірім мотокөлік басқарып, түйеге соқтығысқан. Салдарынан жасөспірім оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ 22 тамыз күні Көктем ықшам ауданы тұсында 16 жастағы жасөспірім басқаруындағы Hyundai автокөлігі жолдан өтіп келе жатқан 16 жастағы велосипедшіні қағып, жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ол ауруханаға жеткізілді.
Осы тұста, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуға, жаяу жүргіншілерді жолдан өту ережесін бұзбауға шақырамыз. Бала қауіпсіздігі – басты назарда. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлері үздіксіз профилактикалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ата-аналарға балаларды, жасөспірімдерді назардан тыс қалдырмауға шақырамыз. Жол қателікті кешірмейді. Сақ болыңыздар, – деді полиция қызметкері.