Атырау облысының полициясы оқушыларға құқықтық дәріс өткізді
Атырау облысының полициясы оқушыларға жаман әдеттен аулақ болуға бағытталған құқықтық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17-19 қыркүйек күндері өтіп жатқан республикалық «Жасөспірім» іс-шарасы кезінде өңірдің тәртіп сақшылары жоғары сынып оқушыларына құқықтық дәрістер өткізіп жатыр. Мақсат – оқушылардың жаман әдеттерден аулақ болуына, құқық бұзушылықтарға жол бермеуіне және олардың қауіпсіздігіне мұқият болуға ықпал ету.
Іс-шара барысында Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жакей Иманкулов қаладағы №42 мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, құқықтық дәріс өткізді. Жасөспірімдерге есірткі және бұзақылық қылмыстарының профилактикасы түсіндіріліп, жол қозғалысы қауіпсіздігіндегі жаяу жүргіншілердің, мопед-скутер жүргізушілерінің жауапкершілігі түсіндірілді.
– Біздің болашағымыз – сіздер. Ата-аналарың, мұғалімдерің сендерге үлкен үміт артады. Сондықтан «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» – деп Абай атамыз айтқандай тәрбиелі-тәртіпті оқушы болуларыңыз маңызды. Жаман әдеттерден бойларыңызды аулақ ұстаңыздар, – деді Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жакей Иманкулов.
Сондай-ақ кездесу барысында №2 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Талған Сисенғалиев оқушыларға түнгі 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде ата-ана қарауынсыз жүру жауапкершілігін түсіндірді. Кездесуден соң департамент бастығының орынбасары мектептегі бейнебақылау жүйесі мен дабыл түймелерінің, күзет қызметінің жұмысымен танысты.