Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда полицейлер еріктілермен бірге есірткі жарнамаларын жою акциясын өткізді

Орал қаласында полиция қызметкерлері еріктілермен бірге есірткі жарнамаларын жою акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бабаларымыз “Аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта көтерілген даудың алдын ал” деген екен. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты өткір мәселелердің бірі болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет.

Есірткі сатумен айналысатын топтар жарнама құралы ретінде әлеуметтік желіні, граффити суреттерді жиі қолданатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз.

Осыған орай Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті “Орал – есірткісіз қала” акциясы аясында есірткі жарнамаларын өшіру бойынша рейд ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ тыйым салынған заттарға тәуелді қара тұрғындарының санын азайту.

Шараға 150-ден астам қала тұрғыны қатысты. Олардың ішінде БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Орал қаласы ПБ, Абай және Шаған полиция бөлімдерінің қызметкерлері, ҚазИИТУ және БҚИТУ студенттері, “Ғасыр” жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері, қала еріктілері, сондай – ақ “Орал – есірткісіз қала” мониторингтік тобының мүшелері қатысты.

Іс-шараны ашқан БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев акцияға қатысушыларға алғысын білдірді.

– Жастар арасында нашақорлық мәселесі өте өткір, әсіресе синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің таралуы алаңдатады. Есірткі қылмыстары бойынша деректер әлі де азаяр емес, кәмелетке толмағандарды есірткі бизнесіне тарту фактілері де бар. Есірткімен күресу – баршамыздың ортақ міндетіміз! Бейнебақылау камераларының көмегімен біз Ақсай қаласында есірткіні жарнамалаған екі жасөспірімді ұстадық. Бұл үшін олар 7 жылға бас бостандығынан айырылатынын ескерткім келеді. Мен барлығыңызға айтарым, осы зұлымдықпен бірге күресейік!
Бірлескен күш-жігермен ғана біз балаларымыздың есірткісіз болашағын жасай аламыз, – деді департамент бастығы А.Оразалиев.

Рейд барысында шараға қатысушылар 24 бағыт бойынша аумақтарға бөлініп, есірткіге қарсы күреске өз үлестерін қосып, қала аумағындағы заңсыз 100-ге жуық жарнамаларды жоюға бағытталған жұмыстарды жүргізді.

– Акция есірткі сайттары мен есірткінің заңсыз айналымын насихаттайтын жазулар мен суреттерді жою мақсатында өткізіліп жатыр. Өскелең ұрпақ бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп ойлап, есірткі сататын интернет-дүкендердің граффитиін, суреттерін, жапсырмаларын таратуға үгіттеліп жатыр. Алайда бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады, – деп ескертті БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Марат Сугуров.

Қазіргі таңда есірткі сатушылар синтетикалық заттың көптеген сайттарын жарнамалау мақсатында сатудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табуда. Көптеген адамдарды әлеуметтік желілерде есірткі затын тасымалдау мен жұмыс істеу туралы ұсыныстар түссе немесе айналасындағылардың біреуі заңсыз әрекетке қатысса, не істеу керектігі қызықтырады. Сол себепті еліміз үшін қоғамда заң үстемдігін насихаттап, өскелең ұрпақтың салауатты өмір сүру қағидаттарын дамытып, нығайтуға үлес қосу өте маңызды.

Айта кету керек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау)  бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сондықтан есірткі заттарының граффити – жарнамасына куә болсаңыз дереу “102” операторына хабарласуыңызды сұраймыз.

Бұл акция – жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және қоғамды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру