Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚАЖ саласының психологы қызметтегі негізгі ұстанымын айтып берді

Пробация қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі – сотталғандардың психологиялық әл-ауқатын қолдау. Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің инспектор-психологы Ақүлбір Өтегенова сотталғандардың ішкі әлеміне терең үңіліп, оларды жаңа өмірге бағыттайды. Polisia.kz сайты погон таққан арудың қызметтегі негізгі ұстанымы жайлы айтып береді.

Ақүлбір Өтегенова сотталғандарды тек тыңдап қана қоймай, олардың өмір жолын өзгертуге тырысады. Сол бағытта көмектесетін әртүрлі әдістерді пайдаланады. Оның қызметтегі негізгі ұстанымы – әр адамға өзгеруге мүмкіндік беру.

– Әр адамның бойында үлкен күш жатыр, тек оны ояту керек. Менің міндетім – сол күшті тауып, оны дұрыс бағытқа бұру, – дейді ол.

Психологтың жұмысы – тек кеңес беру емес, адамның жан дүниесін түсініп, оны жақсылыққа бастау. Пробация қызметінде әр сотталғанмен жеке жұмыс жүргізіліп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға ерекше назар аударылады. Ақүлбір Өтегенованың пікірінше, әрқайсысының өмірінде өзгеріске жол бар, бастысы, оны көріп, қабылдай білу.

– Өмірде қателік жасаған әр адамға екінші мүмкіндік берілуі керек. Менің жұмысымның басты мақсаты – сол мүмкіндікті көрсету және сотталғандардың өмірді қайта бастауларына көмектесу, – дейді Өтегенова.

Пробация қызметінің психологы ретінде ол тек сотталғандардың ғана емес, олардың жанұяларының да сенімін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Себебі өмірден түңілген адамды қайтадан қоғамға бейімдеу, оның жақындарымен байланысын түзету үлкен еңбекті талап етеді.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің осы бағыттағы кешенді жұмысы қоғамның әр мүшесіне екінші мүмкіндік беруге бағытталған. Ақүлбір Өтегенова сияқты мамандардың арқасында көптеген сотталған жаңа өмірге сеніммен қарап, болашаққа үмітпен қадам басып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру