Алматыда сотталғандарға шахмат үйрету қолға алынды
Алматыда сотталғандарға шахмат үйрету қолға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Біздің елімізде шахмат ойынына ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде шахмат ойынынан халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген қазақстандықтар мақтанышымызға айналуда.
Шахмат ойыны адамды жылдам ойлануға, жылдам шешім қабылдауға тәрбиелеп қана қоймайды, адамның бойындағы ерік-жігер мен моральдық қасиеттерді арттыруға ықпал етеді. Ал мұндай қасиеттер тағдыр жолында аяғын шалыс басып, темір торда жүргендер үшін де пайдалы болатыны сөзсіз.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №72 мекемесінде де сотталғандарға шахмат ойынын үйрету жүйелі түрде қолға алынуда. Осы орайда жуырда аталған мекеме басшылығы Алматы қаласы спорт басқармасының қолдауымен тергеу изоляторына Асылхан Караев және Саумин Суханов сияқты шахмат жаттықтырушыларын арнайы шақырып, жазаларын шаруашылық қызметіндегі жасақта өтеп жүрген сотталғандар арасында шеберлік сабағын өткізді.
Бұл игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сотталғандар арасында шахмат ойынын дамытуға ҚР Үкіметінің “Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы” қаулысы да оң ықпал етуде.