Түркістан облысында полиция ардагерін еске алуға арналған футбол турнирі өтті
Түркістан облысында полиция ардагерін еске алуға арналған футбол турнирі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күштік құрылымдар арасында футболдан қылмысты жедел-іздестіру саласына өмірінің 15 жылдан астам уақытын арнап, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуда ерекше көзге түскен, ішкі істер органы қатарынан абыроймен зейнеткерлікке шыққан Сағынбек Смановты еске алуға арналған турнир өтті.
Ордабасы ауданында өткен спорттық жарысқа Түркістан облысы полиция департаменті, облысқа қарасты полиция бөлімдері мен полиция ардагерлері, төтенше жағдайлар бөлімі және шекара қызметінен құралған 8 команда қатысты. Нәтижесінде шекара қызметінен құралған команда І орынды қанжығасына байласа, Түркістан облысы ПД-дан құралған команда ІІ орынға, төтенше жағдайлар бөлімі ІІІ орынға жайғасты.
Еске алу турниріне арнайы қонақ ретінде қатысқан аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, Түркістан облысы ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев және Сағынбек Смановтың отбасы мүшелері сайыс соңында жеңімпаздарды марапаттады.