Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Атырау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 2500-ге жуық қорғау нұсқамасы шығарылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қатаң бақылауға алынуда. Жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастарға байланысты 3106 құқық бұзушылық тіркеліп, олардың 315-і қайталанған. ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша 1884, 73-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша 73 (өзгеріске дейін), 73-2-бабы (Ұрып-соғу) бойынша 828 (өзгеріске дейін) құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған.

Отбасындағы жанжалдардың алдын алу мақсатында 2469 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушыларға 611 ерекше талап қойылды. Сонымен қатар қорғау нұсқамасын бұзған 191 адам ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорларға психологиялық көмек көрсету және отбасы институтын нығайту бағытында Атырау облысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы белсенді жұмыс жүргізуде. Топтың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Зинелғабиденқызы “Құқық” қоғамдық қорының психологтарымен бірлесіп, қорғау нұсқамасын бұзып, әкімшілік жазаға тартылғандарға құқықтық кеңес берді. Тренинг барысында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланып, зорлық-зомбылық құрбандарына қажетті психологиялық көмек ұсынылды.

Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық маңызды әлеуметтік мәселе ретінде өзекті болып отыр. Бұл құбылыс жеке адамдарға ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен әлеуметтік тәртібіне қауіп төндіреді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мен қоғамның назарын осы мәселеге аудару – басты міндеттердің бірі болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру